Өмірбекова Карима

 

Қазақтың хандарына орда болған, Сырдарияның бойындағы Сығанақтан шыққан Қазақстанның Ұлы Мұғалімі - Өмірбекова Карима. Химия пәнінің мұғалімі. (1938-2016жж)

Өмірбекова Карима 1938 жылы 8 наурызда Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы Төменарық ауылында дүниеге келген. 1955 жылы орта мектепті бітіріп, Қызылорда пединститутының химия-биология факультетіне түсіп, оны 1960 жылы тәмәмдайды. Оқуды аяқтай салсымен- ақ,  №55 «Бірлік» орта мектебіне химия пәнінің мұғалімі болып жұмысқа тұрады. Осы мектепте 1964 жылға дейін жұмыс жасайды. 1964 жылы физика-математика пәні мұғалімі Құндызбеков Мырзанға тұрмысқа шығып, Сунақата ауылында өз еңбегін әрі қарай жалғастырады. 7 баланың анасы атанады. 1964-1968 жылдар арасында №180 Қызылмақташы  мектебінде жас мұғалім директорлық қызмет атқарады. 1968-1988 жылдары №194 Сунақата орта мектебінде директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарады.

«Қызылорда облысында «Бір жазда екі өнім» тақырыбы бойынша 3 га жерге «Вир-56» бұршақ дақылын өсіріп ғылыми жұмыспен шұғылдандым. 25 оқушыдан өндірістік бригада ұйымдастырып, 2-3 жыл осы тақырыпты зерттедік. Топырақ құрамын зерттеу үшін Алматыға апарғанда, Шымкент облысының топырағына ұқсастығы дәлелденді. Осы өндірістік бригада арқылы жүргізген ғылыми зерттеу және әдістемелік жұмыстарым нәтижелі болып, есте қаларлықтай тәжірибие жинақтадым. Мектептерде істеген 34 жылдық жұмыс кезінде ауыл-шаруашылық дақылдарымен зерттеу, тәжірибе жасауды үзген емеспін. Өзімнің таңдаған мамандығыма ризамын»- дейді өз естеліктерінде Карима Өмірбекқызы.

«Сунақата совхозының тұрғындары Кәрима Өмірбекованың есімін әрқашан ілтипатпен атайды, ол сонымен қатар шәкірттерінің сүйікті ұстазы. Өз мамандығын жан – тәнімен сүйген апай жас жеткіншектерге білімнің күрделі де сан тарау жолдарын үйретуден жалықпай, ізденімпаздық танытады.

Кәрима Өмірбекова әр сабақты творчестволық тұрғыдан өткізеді. Ол оқушыларға химияның салиқалы реакцияларының құдіретін, күрделі есептерінің сырларын, оның бүгінгі халық шаруашылығында алатын орнын мысал келтіре отырып түсіндіретін. Осындай жанды жұмыстарының нәтижесінде озат мұғалім мектеп бойынша химия пәнінен оқушылардың толық үлгеріміне жетуіне ұйытқы болды» -деп еске алады шәкірті Ұлдар Жолдасова.

Қазіргі таңда өзі 30 жылдай  еңбек еткен №194 орта мектептің химия кабинетін Өмірбекова Кариманың атына беруін мектеп директоры Мұхтар Шалыспаев мырза ұйымдастырып жатыр.

Марапаттары:
- 1962 жылы 14-ші тамыз Қазақ ССР білім беру ісінің үздігі төс белгісімен марапатталды
- 1978 жылғы ССР оқу министрлігінің құрмет грамотасымен марапатталды
- ССР халық ағарту қызметкерінің озаты значогымен марапатталды
- 1980 жылы Жаңақорған аудандық партия қызметкерінің құрмет грамотасымен марапатталды
- 1985 жылы Қызылорда облыстық партия комитетінің құрмет грамотасымен марапатталды

Рустемова Мадина Толбасиевна.  
Алматы қаласы Жетісу ауданы  
№148 мектеп-гимназия тарих пәні мұғалімі 

 

Подпишитесь на нашу рассылку